АРХАНГЕЛЬСКИЙ Иван Иванович (23 қараша 1905 жыл -? ) – ветеринария микробиологы, ветеринария ғылымдарының докторы (1943), профессор, Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының ірі қара мал ауруларын зерттеу зертханасының меңгерушісі (1939-1951). Қазақ ССР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Казан қаласында қызметшілер отбасында дүниеге келген.

1925 жылы орта білім алғаннан кейін Сібір (Омбы) ветеринариялық институтына түсіп, 1930 жылы бітірді.

Еңбек жолын И.И. Архангельский Бурятияда Овцеводтрест совхоздарының практикалық ветеринария дәрігері болып бастады, бірақ көп ұзамай жұмыстан шығып, Улан-Уде қаласындағы Облветбаклабораторияға бактериолог лауазымына ауысып, онда 5 жыл жұмыс істеді (1930-1935 жж.).

1935 жылы И.И. Архангельский бактериолог лауазымынан кетіп, Куйбышев қаласына барып, аймақтық ветеринариялық тәжірибелік станциясына ғылыми қызметкер лауазымына кірді, сол жылы ол жұмыстан шығып, Куйбышев санитариялық-эпидемиологиялық институтына ауысты, онда әрі профессорлардың басшылығымен бактериолог ғалым ретінде қалыптасты.

30 – жылдардың соңында ол 1939 жылы Казан ветеринария институтының 4-томдық ғылыми еңбектерінде жарияланған “Кейбір Гертнер вакциналарын салыстырмалы бағалау” тақырыбы бойынша кандидаттық диссертациясын дайындады және қорғады.

1939 жылдың қазан айының соңында И.И. Архангельский сол кездегі ҚазҒЗВОС деп аталатын Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының  ірі қара мал ауруларын зерттеу зертханасының меңгерушісі лауазымына ауысып, онда бірнеше жыл бойы ауыл шаруашылығы жануарларының диплококк инфекциясымен күресу мәселелеріне қатысты зерттеулер жүргізді, 1943 жылы “Жануарлардың диплококк инфекциясы мәселесі туралы” тақырыбында докторлық диссертациясын жазып, қорғады. Ветеринария ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі бекітілгеннен кейін И.И. Архангельский профессор атағына ие болды.

И.И. Архангельскийдің зерттеу объектісі бұзаулардың диплококкты инфекциясы болды, ол өнеркәсіптік өндіріс үшін осы инфекцияға қарсы емдік қан сарысуын алу әдісін әзірлеп, ұсынды. И.И. Архангельскийдің ғылыми жетекшілігімен бұзаулардың паратифіне (сальмонеллезіне) қарсы бірқатар вакциналар әзірленіп, Республика шаруашылықтарында кең өндірістік тәжірибе түрінде сәтті қолданылды және 1949 жылы Қазақ ССР АШМ тарапынан қолдау алды.

1950 жылдардың басында И.И. Архангельский СОКП қатарынан шығарылды. ҚазҒЗВИ басшылығы И.И. Архангельскийдің жазасын қандай да бір жолмен жеңілдету және республиканың ірі ветеринариялық ғалымынан айырылуға жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады, бірақ партиялық билік табанды болды. Бұл И.И. Архангельскийдің институттан мәжбүрлі түрде кетуінің басты себебі болды. И.И.Архангельский ҚазҒЗВИ-ден жұмыстан шыққан кезде оның 30-дан астам ғылыми еңбектері жарық көрді.

Біраз уақыттан кейін ғалым 1968-1976 жылдары ССРО-да шыққан ветеринариялық энциклопедияның 6 томдық басылымына мақалалар жазды. Сонымен қатар, И.И. Архангельский 60-70 жылдары жарық көрген ветеринариялық жоғары оқу орындарына арналған “Эпизоотология” оқулықтарының бірқатар тарауларының авторы.

Шығармалары:

О диплококковой инфекции телят в Казахстане/В кн.: Труды Казахского научно-исследовательского ветеринарного института. – Алма-Ата, 1940.-Т.4.-С. 99-133;

Эффективность гертнеровских формолвакцин в зависимости от биологических свойств входящих в них штаммов/В кн.: Труды Казахского научно-исследовательского ветеринарного института. – Алма-Ата, 1940.-Т.4.-С. 82-99 (в соавторстве);

Материалы к серологическому типажу диплококковых штаммов телят/В кн.: Труды научно-исследовательского ветеринарного института. – Алма-Ата, 1950.-Т.5.-С.

Дифференциальная диагностика важнейших инфекционных болезней телят/В кн.: Труды Института ветеринарии. – Алма-Ата, 1954. -Т.6. -С. 119-123;

Пути и методы профилактики паратифа телят/В кн.: Труды Института ветеринарии. – Алма-Ата, 1954.-Т.6.-С. 134- 140.

Алматы, Райымбек даңғылы, 223

+7 (727) 2337271

kaznivialmaty@mail.ru