ОМАРОВ Қасым Сейдахметұлы (Сеид – Ахметұлы) [27 мамыр (20 қыркүйек) 1909 ж. – 29 шілде 1983 ж.] – қазақстандық ветеринариялық микробиолог және эпизоотолог, Қазақстанның ветеринариялық географиясының негізін қалаушылардың бірі, ветеринария ғылымдарының кандидаты (1947), ҚазҒЗВИ бруцеллезді зерттеу зертханасының меңгерушісі (1946-1953), “Эпизоотология” мамандығы бойынша аға ғылыми қызметкер (1953), Семей ЗВИ микробиология кафедрасының меңгерушісі (1953-1957), “Микробиология және эпизоотология” мамандығы бойынша доцент (1955), АЗВИ эпизоотология кафедрасының доценті (1957 –?).

Торғай облысы, Қостанай уезінің № 8 Аракарағай болысы ауылында малшы отбасында дүниеге келген. Білімін ауыл мектебінде алды, содан кейін Қостанай қаласының 1 – ші сатыдағы мектебінде жалғастырды.

1926 жылы К.С. Омаров Алма-Ата ветзоотехникумына түсіп, 1929 жылы бітірді.

1929 жылы 1 қазанда Қ.С. Омаров Бүкілодақтық қой өсірушілер бірлестігі (АЗВИ), Қазақ мемлекеттік ветеринария институтының эпизоотологиялық клиникалық бөлімшесіне түсіп, 1932 жылы 15 наурызда бітіріп, ветеринария дәрігері біліктілігін алды.

Институтты бітіргеннен кейін К.С. Омаров АЗВИ эпизоотология кафедрасының аспиранты болып, оны 1934 жылы сәтті бітіріп, Батыс Қазақстан облысының № 451 ет-сүт совхозына мобилизация тәртібімен жұмысқа жіберілді, онда 1936 жылдың 1 қаңтарына дейін жұмыс істеді.

1936 жылы қаңтарда Қ.С. Омаровты ВЛКСМ Қазкрайкомы кері шақырып алып, ҚазҒЗВИ-а ғылыми жұмысқа жіберді, онда ол ірі қара мал ауруларын зерттеу зертханасына, кіші ғылыми қызметкер лауазымына қабылданды.

ҚазНИВИ белгілі ғалымдарының жетекшілігімен Қ.С. Омаров ірі қара малдың өкпесінің жалпы қабынуымен (перипневмониямен) күресу бойынша бірқатар ғылыми жұмыстар орындады. Орындалған жұмыстардың ішінде созылмалы перипневмониямен ауыратын сиырлардан туған бұзауларды күтіп-бағу проблемаларын, ірі қара малдың перипневмониясына қарсы вакцинамен бұзауларды иммундеу мәселелерін және перипневмонияға қарсы егулерді жүргізгеннен кейін вакциналардың иммуногендік қасиеттерін зерттеу жұмыстары ерекше назар аударуға лайық.

1938 жылы Қ.С. Омаров қалыптасқан бактериолог ретінде, бруцеллезді зерттеу бойынша жаңадан ұйымдастырылған зертханаға ғылыми қызметкер лауазымына ауыстырылды. Аталған зертханада жұмыс істеген кезеңдерде (1938-1946), Қ.С. Омаров, шаруашылықтарды бруцеллезден санациялау мәселелері бойынша, бруцеллезбен ауырған сиырлардан сау төлдерді өсіру, Қазақстандағы бруцеллез эпизоотиясының динамикасындағы бруцеллалардың типтік ролі бойынша ғылыми зерттеулер жүргізді.

1946 жылы 7 мамырда АЗВИ Ғылыми кеңесінің отырысында Қ.С. Омаров ветеринария ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін, “Қазақстандағы бруцелла түрлері және олардың ауыл шаруашылығы жануарларының бруцеллез ауруындағы рөлі” тақырыбында диссертациясын сәтті қорғады. Қ.С. Омаров ҚазҒЗВИ-де өзінің ғылыми қызметі кезеңінде (1936-1953) 24 ғылыми жұмыс орындады.

1953 жылы тамызда Қ.С. Омаров конкурс бойынша Семей ЗВИ микробиология кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалды.

4 жылдан кейін, 1957 жылдың қыркүйегінде Қ.С. Омаров Алма-Ата қаласына оралып, конкурс бойынша АЗВИ эпизоотология кафедрасы меңгерушісінің у.м.а. болып жұмысқа орналасты, кейін осы кафедраның доценті болып жұмыс істеді.

Қ.С. Омаров өзінің ғылыми қызметінің барлық кезеңінде 40-тан астам ғылыми еңбектерін жариялады.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Қ.С. Омаров “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды [3].

ҚазҒЗВИ ветеринария ғалымдары – И.П. Дербеденев, К.П. Студенцов және К.С. Омаров әзірлеген ауылшаруашылық жануарларының бруцеллезін зерттеудегі әдістемелік тәсілдер мен ғылыми ережелер, белгісіз таксономиялық жағдайға жатқызылған Brucella тұқымдасының микроорганизмдері тудыратын ауруларды іргелі зерттеуге негіз болды.

ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Архив КазНИВИ. Архивное личное дело И.П. Дербеденева. Л.1-63.
  2. Архив КазНИВИ. Архивное личное дело К.П. Студенцова. Л. 1-54.
  3. Архив КазНИВИ. Архивное личное дело К.С. Омарова

Алматы, Райымбек даңғылы, 223

+7 (727) 2337271

kaznivialmaty@mail.ru